Бүгін, 9 желтоқсанда Ақтауда Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД елдеріне мүше мемлекеттердің Кеден қызметі басшылары кеңесінің 40-шы отырысы өтті.
Басқосуға Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кеден қызметтерінің бірінші басшылары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен ТМД атқару комитетінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында талқыланған мәселелер бойынша қабылданған шешімдер ТМД кеңістігіндегі кедендік әкімшілендіру аясындағы іс-шараларды оңтайландыруға бағытталмақ.
Кездесуде кеден саласындағы басым бағыттарды айқындау, әр елдің кеден заңнамасын біріздендіру, ынтымақтастықты жандандыру, кеден ісі саласындағы қабылданған мемлекетаралық шешімдерді жүзеге асыру мәселелері де талқыланды.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жиында көтерілген мәселелер өзекті екенін және қабылданған шешімдер ТМД елдері арасындағы кеден қызметін оңтайландыруға ықпал ететінін атап өтті.
Отырыс нәтижесінде ТМД елдерінің Сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ кеден органдары арасында меншік құқығы бұзылған тауарлар туралы ақпарат алмасу ережелері бекітілді.