Маңғыстауда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Жемқорлықсыз әлем» атты салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы Қайрат Байгебаев, «Маңғыстау-адалдық алаңының» жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев, «Әділдік жолы» РҚБ Маңғыстау облысы бойынша филиалының басшысы Асқар Жақсыбаев, қоғам өкілдері, журналистер қатысты.
Жиында Департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстарына сүбелі үлес қосып жатқан ұйымдар мен азаматтарға алғыс білдірді.
«Жемқорлықпен күресте бағытымыз бен мақсатымыз айқын, олар жемқорлықтың профилактикалық құралдарын жетілдіру, жүйелі жемқорлыққа ықпал ететін себептермен жағдайларды анықтау әрі олардың салдарын жою, кәсіпкерлікті қорғау, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қызметін үйлестіру арқылы жемқорлықтың себептерін барынша азайту. Жемқорлықты азайтуда қоғам өкілдерінің, азаматтық қоғамның маңызы зор. Осы істе құзырлы органдармен иық тіресе қызмет жасап жүрген азаматтарға алғыс айтамыз,» - деді Департамент өкілдері.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресте өз үлесін қосқан бірқатар азамат Департамент басшысының алғысымен марапатталды «Жемқорлықсыз әлем» атты сурет салу байқауының жеңімпаздарына дипломдар табысталды.