Ақтауда жоғары шағынаудандардың бірнеше үйінде таңертеңнен бері жарық жоқ. Тұрғындар электр қуатының жиі сөніп, әбден шаршатқанына шағымданды,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін таң атысымен 17, 20, 33-ші шағынауданның бірнеше үйінде жарық сөніп қалған. Тұрғындар электр қуатының кешке дейін қосылмағанына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, бұл жағдай соңғы кезде жиі қайталанып жүр. Сондықтан әбден зарыққандарын айтады. Мәселені жергілікті әкімдікке және жауапты мекеме өкілдеріне жеткізсе де еш шара қолданылмаған.
“33-шағынаудан 21-ші үйде жарық күн сайын сөнеді. Үйімізде газ жоқ, бала-шағамызға уақытылы тамақ бере алмаймыз, ал жоғары қабатта тұратын үлкен кісілерге тіпті қиын. Жеделсатымен көтеріле алмайды. Ал, “Ауэс” мекемесі тұтқаны алмайды, не масқара?. Ақшаны желге төлеп отырмыз ба?. Мәселе шешілмесе, Президентке жазамын,-деді тұрғынның бірі.
Сонымен қатар, 20-шағынаудан тұрғындары да мәселені тез арада шешуді сұрайды.
“Отырар ситиде” жарық жоқ. Сәйкесінше, жылу да жоқ. Тоңып қалдық, кеше де сөнді. Балалар түскі ассыз кетті. Неге қайталана береді. Шаршап кеттік,-деді Махаббат.
Ал, “Ақтау электр тораптық желілер басқармасы” мекемесінің баспасөз қызметі бүгін аталған үйлерде жарықтың сөну себебін хабарлады.
“33, 17, 20-шағынаудандарда апаттық жағдай болды. Құрылыс мекемесі жер асты жұмыстарын жасаған кезде тоқ желісін үзіп алған. Бригада оқиға орнында жұмыстанып жатыр,-деп хабарлады мекеменің баспасөз қызметі.