2022 жылғы 25 қарашада сағат 02:30 шамасында түскен жедел ақпарат бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтау қаласындағы 11 шағын ауданның көпқабатты үйлерінің бірінде 40 жастағы күдікті анықталып, ұсталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аймақтың ПД-не сілтеме жасап.
Күдіктіні Маңғыстау облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп құрықтаған.
Жеке тінту барысында "марихуана" есірткі затының 12 дана целлофан пакеті тәркіленді, одан кейін тұрғылықты жерін тінту кезінде полицейлер "марихуана" есірткі заты салынған 11 дана үлкен полиэтилен пакетін тапты. Алынған заттардың жалпы салмағы 41 кг. Сонымен қатар, күдіктіден 3 млн 295 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алынды.
Бұл факт ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша Ақтау қаласының ЕҚДБ - да тіркелді (есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау). Осы бапқа сәйкес күдікті 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.