Бұл жөнінде танымал отандық ғалым-зерттеуші, Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент мүшесі, жоғары санатты онколог-уролог Жаңабай Жұмағазин мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Профессордың сөзіне сүйенсек, халықтың өмір сүру ұзақтығы ұлғайған сайын, қатерлі ісікке шалдыққандар саны мен оған себеп болатын тәуекел факторлары тізілімі де артып барады. Қазіргі таңда қатерлі кеселге бой алдырғандардың жарымынан астамын 65 жастан асқан егде жандар құрайды екен.
«Енді 10 жылдан кейін Жер шарындағы әрбір үшінші адам қатерлі ісікпен ауырады» деген тұжырым жасайды тәжірибелі онколог.
“Медицина ғылымы бір орында тұрмайды. Соңғы екі үш жылда отандық медициналық кеңістікте генетикалық-молекулалық деңгейдегі зерттеулер қарқын алды. Маңғыстау облыстық онкология орталығында жүргізілетін тіндерді иммуноцитохимиялық және иммуногистохимиялық зерттеулер қатерлі ісік табиғаты мен ерекшеліктерін дәл анықтауға, тиімділігі аса жоғары емдеу әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Әрине, батыс елдері иммунология ғылымы тұрғысынан бізден әлдеқайда алға адымдап кетті. Біз тәжірибемізді молайтып, ғылыми сараптау, зерттеу жұмыстарын жандандыруға тиіспіз”, -дейді Жаңабай Жұмағазин.
"Қазір онкологияны үлкен кісілердің ауруы деп жатамыз. Мәселен қуықасты безінің қатерлі ісігімен қырық жасқа дейінгі ерлердің 30 пайызы ауырады, алпысқа дейін 50 пайыз, ал жетпістен кейін 80 пайыз ауырады. Әйелдер арасында ең көп таралған жатыр мойны қатерлі ісігін жүз пайыз қоздыратын адамның папилома вирусы (впч) екендігі мәлім. Ал бұл вирус жыныстық қатынас арқылы немесе тері үйкелісі арқылы жұғады. Жатыр мойны ісігінен көз жұмғандар жыл сайын тіркелсе де, бұл дерт туралы мардымды мағлұматқа ие жандар үлесі өте аз. Дәрігерлік профилактикалық қадағалаудан құр қалып жататындар да кезігеді. Сондықтан халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Тағы айта кетер дүние, жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын папиломма вирусына қарсы вакцина егу әйелдер денсаулығына елеулі әсерін тигізеді. Көптеген елдерде ауқымды зерттеулер нәтижесінде жоғары тиімділігін көрсеткен екпе егу үрдісі жасөспірім қыздарды қамтып жатыр.
Қазір халықтың көбі асқазан-ішек жолындағы ең көп таралған ауру - гастритпен, асқазанның шырышты қабығының қабынуымен ауырады. Сол гастриттің пайда болуына 80 пайыз жағдайда Helicobacter pylori микробы сеп болады. Ал осы ауруды дер кезінде емдемесе, ол созылмалы күйге еніп, асқазан қатерлі ісігінің өршуіне септеседі”,-дейді дәрігер.
Жұмабай Жаңағазин сөзінк сүйенсек, қазіргі таңда Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінде еліміздің әр түкіпірінен жиналған білікті мамандар қызмет етеді. Обыр дертіне шалдыққандарға жасалатын отаның тоқсан пайызы осы орталықта жасалады.
Голрох Жеменей