Үкіметке осы мәселелерді пысықтауды және оларды шешуге қажетті қаражат бөлуді қамтамасыз етуді тапсырамын, деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуде mangystaumedia.kz ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр және бұл көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ демографиялық өсу қажетті әлеуметтік инфрақұрылымды, ең алдымен денсаулық сақтау жүйесін дамытумен қатар жүруі тиіс. Ана мен бала денсаулығы – ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Денсаулық сақтау жүйесі қазіргі заман талабына сай болуы тиіс. Өңірдің барлық тұрғындары сапалы медициналық қызметтерге тең қол жеткізуі қажет. Менің тапсырмам бойынша биыл Мұнайлы ауданында орталық аурухананың құрылысы басталды. Жедел жәрдем бригадаларын жабдықтауға, санитарлық автокөліктің жай-күйіне ерекше назар аудару қажет. Барлық дерлік аудандық жедел медициналық жәрдем бөлімшелері типтік емес және бейімделген үй-жайларда орналасқан. Облыс орталығында көпсалалы аурухана мен жаңа жедел жәрдем станциясын салу қажеттілігі бар. Үкіметке осы мәселелерді пысықтауды және оларды шешуге қажетті қаражат бөлуді қамтамасыз етуді тапсырамын",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.