Бейнеу ауданының 50 жылдығына орай 50 іс-шара жобасы аясында рәміздер алаңы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рәміздер алаңының салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов , аудан әкімі Рахымжан Шалбаев , ауыл ақсақалдары, шараға арнайы шақырылған қонақтар, жастар мен тұрғындар қатысты.
Рәміздер алаңында биіктігі 30 метр болатын ту тұғыры орнатылып, мемлекеттік ту көтерілді. Мемлекеттік гимн, елтаңба мен ту орналасқан рәміздер тақтасы бой көтерді.
— Бүгінде Бейнеу халқы ынтымағы мен бірлігі жарасқан, экономикасы бәсекеге қабілетті, тұрақты даму даңғылына түскен аудандардың бірі. Аудан аумағында жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіретін іс-шаралардың көбеюі қуантарлық жағдай. Келешегі кемел елде ғана рәміздер осылай ұлықталады. Байрағымызды биік ұстау - ата-баба аманаты. Қазақ халқы қай заманда да туын төмендетпеген халық. Оған тарих куә. Ел еңсесі биік болғай! Қазақ елінің береке-бірлігі артып, болашағымыз жарқын болғай! Бейнеу халқының асқақ рухындай болған жаңа ту тұғыры құтты болсын, ағайын! - деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов.
Жаңа нысанның жанына болашаққа жолдау ретінде уақыт капсуласы қойылды. Уақыт капсуласына 50 жылдық белесте еңсерген жетістіктер, ауданның қалыптасуына үлес қосқан тұлғалар туралы Бейнеу энциклопедиясы жинағы, тарихи фотолардың электронды нұсқасы және келешек ұрпаққа арналған хат салынды. Капсула сыртына 30 жыл уақыттан кейін ашылады деп көрсетілген.