ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Транскаспий көлік бағытын өркендетуге үлкен үміт артатын айтты. Орта дәлізді «Бір белдеу, бір жол» жобасымен, сондай-ақ Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) және Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың әлемдік саудаға мультипликативті әсері зор болатынына сенімді екенін жеткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Бұған қоса Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту үшін белсенді ынтымақтастыққа дайын. Соңғы 15 жылда еліміз көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырымнан астам теміржол салуды жоспарлап отырмыз», - деді Президент БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасына қатысушы мемлекет басшыларының бірінші саммитінде сөйлеген сөзінде.
Бұл Қытай, Оңтүстік Азия, Ресей және Еуропа бағыттарына жүк өткізу әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек. Мемлекет басшысы барлық серіктесті Каспий теңізіндегі порттардың қуатын арттыру, сондай-ақ жүк кемелерін бірлесе өндіру үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.