Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасына қатысушы мемлекет басшыларының бірінші саммитінде сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуал да алаңдаушылық туғызады. Теңіздің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайды. Биоресурстар қысқарып, антропогендік ластануға ұшырап жатыр. Каспийді құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығына айналуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осынау бірегей су айдынының жағдайын жақсарту үшін ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын», - деді Президент.
Сондай-ақ ол келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде бір кездері әлемдегі ең ірі тұйық су айдындарының бірі болған Арал маңындағы қоршаған орта деградациясының алдын алу жұмыстарын күшейтуге ерекше мән беретінін жеткізді.