Мемлекет басшысы Маңғыстау облысындағы экологиялық проблемаларды қозғап, тиісті шара қолдануды тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Былтыр мемлекет басшысы «Қошқар-Атадағы» қалдық қоймасын ретке келтіруді тапсырған. Жобаның алғашқы кезеңі 2024 жылға дейін орындалады. Қазір жұмыс жүріп жатыр, дегенмен жауапты мамандарға жобаның екінші бөлігін дайындауды тапсырды.
«Өкілетті органдар қазірден бастап жобаның екінші бөлігін дайындай бергені жөн. Шетпедегі заңсыз қоқыс төгуді және карьер жұмыстарын жүргізуді доғару керек. Бұл қалдықтарды жою жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. «SAT Operating Aktau» компаниясынан қалған қауіпті химиялық қалдықтарды жоюға және көмуге баса мән берген жөн», - деді Президент.
Сонымен қатар бұрынғы Химия гидрометаллургия зауытының радиациялық қалдықтарын да залалсыздандыру керек екенін айтты.
«Бұл қалдықтар тұрғындар мен табиғатқа қауіп төндіруі мүмкін. Осы мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қаракөл жасанды көлі – Маңғыстау облысындағы ерекше көрікті жер. Бұл жерге көктемде және күзде құс көп келеді. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген қызғылт қоқиқаз бар. Экологтар көлдің тартылып бара жатқанын айтып жүр. Ондағы ахуалдың өзгеруін жұрт Шора каналына салынып жатқан көпірмен байланыстырады. Осы мәселені шешудің түрлі жолдары бар. Үкімет оны мұқият зерттеуі қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.