ҚР Ұлттық Ұлан әскерінің Ақтаудағы 6656 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл ̶ менің тілім» атты байқаудың I кезеңі өтті. Мемлекеттік тілді насихаттау, оның мәртебесін көтеру, тілді үйренуге деген ынтаны арттыру мақсатында бұл байқауды өткізу - әскери бөлімнің жыл сайынғы дәстүрі.
Байқау «бастау», «өрлеу», «баяндау» атты үш айналымнан тұрды. Бірінші айналымда байқауға қатысушылар сәлемдесіп, өзі және туған жері мен атқаратын қызметі туралы мемлекеттік тілде әңгімелеп берді. Бұл айналым қазақ ұлтының мәдени құндылықтарын насихаттап, патриоттық рух, туып өскен өңір мен Ұлттық ұланның имиджін көтеруге арналған. Екінші айналым «өрлеуде» қатысушылар сахналық қойылым қойып өз өнерлерін ортаға салды. Үшінші айналымда қатысушылар заманауи техникалық және бағдарламалық құралдарды пайдалана отырып арнайы тақырыптарда әңгімелеп берді. Бұл кезеңде қатысушының болмыс-бітімі, жүріс-тұрысы, дұрыс әрі көркем сөйлеу мәдениеті және заманауи құралдарды пайдалану қабілеті мен тапқырлығы сынға түсті.
Сайыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен барлық кезеңдер бойынша үздік өнер көрсетіп, жүлделі бірінші орынды ̶ МТҚЕ ротасының бөлініс және шеберхана бастығы орыс ұлтының азаматы, қатардағы жауынгер Евгений Дьяков иеленді. Ол қазақ тілін жетік меңгерген, еркін сөйлеу байқауы бойынша өзге қатысушылардан озық болды. Бауыржан Екінші орынды Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқып, «Ерке сылқым» күйін ерекше орындаған МТҚЕ ротасының байланыс взводының аға маманы, қырғыз ұлтының тумасы ефрейтор Аман Мусралиев иеленді. Жүлделі үшінші орынды Абай өлеңдерін жатқа оқыған жедел мақсаттағы батальонның 1 жедел мақсаттағы ротасының атқышы, орыс ұлтының азаматы қатардағы жауынгер Максим Сысуев иеленді. Одан бөлек дүнген ұлтының өкілі, аға кинолог маман жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының қатардағы жауынгері Фарух Каримов пен жедел мақсаттағы ротасының сарбаз атқышы орыс ұлтының өкілі Александр Ильгинов үздік өнер көрсетіп, біліктілігі мен қазақ тіліне деген құрметтері үшін арнайы дипломдармен марапатталды.