Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Ақтау студенттер Альянсы» ҚБ атқарушы директоры Гүлмира Бурхандинова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, биыл «Ақтау студенттер Альянсы» Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесе «Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында студенттік өзін-өзі қалыптастыру жүйесін дамыту» жобасын іске асырды.
Жоба аясында жоспар бойынша бірнеше шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, студенттердің интеллектуалды әлеуетін дамытып, белсенділігін арттыру мақсатында «Open air» тимбилдингі бес рет өтті. Жарысқа 150-ге жуық студент қатысып, спорттық, эстафеталық жарыста топпен бірге бақ сынаған.
Ал қыркүйек айында әр түрлі саладағы ҚР үздік спикерлерін, бизнес-жаттықтырушыларды арнайы шақырып, мотивациялық кездесу өткізілді. Сонымен қатар, «Жаңа өмір», «Сәтті адам: мақсаттарға жетудің технологиясы» және «Кәсіпкерлік негіздері және жастарды кәсіпкерлікке баулу» тақырыптары бойынша тренингтер ұйымдастырған. «Ақтау студенттер Альянсы» биылғы жылғы негізгі шарасының бірі – «Жылдың үздік студенті» арнайы жобасы.
«Бұл жоба облыс студенттерін ерекше қуантқаны анық. Өздеріңіз білесіздер, біраз жылдан бері студенттермен жұмыс өз деңгейінде жүргізілмеді. Жыл студентін анықтайтын жобалар да болмады. Ал, биыл студенттер арасында бәсекелестік орнады. Үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік берілді. Соның аясында сауықтыру, спорттық және мәдени-бұқаралық іс шаралар ұйымдастырылды. Ең бастысы осы уақыт аралығында көшбасшы студенттердің базасы жасақталды. Қазір мұнда 110 студент бар», - дейді Гүлмира Бурхандинова.
Оның айтуынша, биыл жастар «Үздік спорттық оқу орны» аталымы бойынша шағын футбол, волейбол, үстел теннисінен сынға түскен. Одан бөлек, «Бояулар сыры» суретшілер байқауы, «Поэзия, сен менімен егіз бе едің?» атты поэзия кеші, «Жұлдызды кеш» өнерпаздар байқауы, «Домбыра party» жастар кеші, «Үздік мобилограф», «Өнерлі жас толқын» ақындар байқауы өткен. Осы байқауларда топ жарған студенттер «Жылдың үздік студенті» арнайы жобасына жолдама алған. Жарысқа 30-ға жуық студенттен өтінім келген. Нәтижесінде 29 қараша күні өткен «Жылдың үздік студенті» облыстық байқауының қорытынды кешінде «Жыл студенті – 2022» аталымын «Yessenov University-дің» 4-курс студенті Фатима Есенғалиева иеленді.
Сондай-ақ кеше жастар форумы өткізілді. Онда белсенді жастар бір алаңға жиналып, жылды қорытындылады. Альянстың белсенді студенттері марапатталды. Гүлмира Бурхандинованың айтуынша, «Ақтау студенттер Альянсы» келер жылы да көшбасшы студенттермен бірге мазмұнды шараларды ұйымдастырып, жұмыс жүргізе береді.