Маңғыстаулықтар бокстан жастар арасында өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсем Таңатар мен бапкері Дияс Есеновті әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетсек, ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен маңғыстаулық Әсем Таңатар - 63 келі салмақта Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын. Спортшы Әлем чемпионатына дайындық өте жоғары деңгейде өткенін және көп жаттығуды, еңбекті талап еткенін айтады. Сондай-ақ, жетістігіне септігін тигізген бапкерлерін Дияс Есенов пен Дулат Букебаевты ерекше атап өтті.
Әсемнің жеке бапкері, қыздар арасында Маңғыстау облысының бокс спорт түрінен аға жаттықтырушы Дияс Есенов облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, облыстық бокс федерациясына және де ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалинге алғысын білдірді. Сондай-ақ, алдағы жоспарларымен бөлісіп, келесі жылы өтетін Азия чемпионатына дайындық бастайтынын айтты.
Әсем Таңатар - әлемдік додадан жүлделі болған Маңғыстау облысындағы алғашқы қыз бала. Осыған дейін мамыр айында Нормандия (Франция) қаласында өткен XIX дүниежүзілік жазғы гимназиадада Әсем Таңатар күміс жүлдегер атанған болатын.