Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылындағы «Жаңа қоныс» тұрғын үй массивінен бой көтерген 600 орындық жаңа мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың шілде айында құрылысы басталған үш қабатты мектепке қазіргі таңда газ тарту, лифт орнату, сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа мектепке 1348 оқушы (Маңғыстау ауылындағы №5 мектепке тасымалданатын 850 бала және №14 мектептің 498 оқушысы) қабылданады деп жоспарланып отыр.
Тапсырыс беруші Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Ал бас мердігер «Альянс LTD» ЖШС.
Жалпы Басқұдық ауылында 2 мемлекеттік (№9 мектепте 3674 оқушы, №14 мектепте 2015 оқушы), 2 жекеменшік («Лагерь» мектебінде 94, «Білімді Қазақстан» мектебінде 230 оқушы) мектеп жұмыс істейді. 4 мектепте барлығы 6013 оқушы білім алады. Ақтау қаласына және аудан орталығына тасымалмен 1009 бала қатынап оқиды.
Жаңадан қолданысқа берілгелі отырған мектеп ауылдағы тасымал мәселесін шешуге септігін тигізбек.