Наурыз мейрамын тойлаудың жаңартылған тұжырымдамасын іске асыруға орай Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылындағы №14 мектеп оқушыларына «Жаздық жолдама» жобасы аясында жазғы каникул кезінде зияткерлік және шығармашылық дамумен демалысты қамтамасыз ететін 20 жолдаманы табыстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған білім ордасына арнайы келген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры Қазақстанның барлық өңірінде «Жаздық жолдама 2024» – қайырымдылық жобасын бастап отырғандығын жеткізді.
«Ұлыстың ұлы күні есігімізді ашып келіп қалды. Амал мерекесінде ақ тілек пен ақ жүрекпен көрісіп, айтулы мерекені атып өтіп жатырмыз. Биылғы Наурыз мерекесі ерекше өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Амал мерекесіне орай «Наурызнама» тұжырымдамасын ұсынды. 1 наурыздан бастап Алғыс айту күні болып, әрбір тұлға өзінің ата-анасына, туысына, ұстазына алғыс айтып, жақсы тілекпен бастады. Сол мерекеміз Амалға ұласып, 15 наурыз қайырымдылық күніне тұспа-тұс келіп отыр. Оның астарында қолдау көрсету, әлеуметтік демеу, қолдап жүру мақсаты жатыр. Осы орайда біз республикада балалардың екі айдан кейін бос уақытын тиімді өткізу үшін жақсы жағдайларды жасап отырмыз. «Қазақстан халқына» қоры ертеңгі жазғы демалысты ұйымдастыруда 5-8 сынып оқушыларына қолдау көрсетіп жатыр. Былтыр біздің облысқа 1400 жолдама берілген болатын», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова.
Өткен жылы еліміздің 17 облысынан 20 мыңға жуық баланы қамти отырып, «Жаздық жолдама» жобасы іске асқан. Аталған балалар 26 жазғы лагерьде 2 апталық демалыс өткізіп келген болатын.
Аталған «Жаздық жолдама» жобасы жазғы каникул кезінде 5-8 сыныптардың 20 мың оқушысы үшін зияткерлік және шығармашылық дамумен демалысты қамтамасыз етеді.
Осыған орай15 наурызынан бастап ауыл мектептеріне жолдама табыс ету басталып отыр.