Маңғыстау облысы аумағындағы Көлеңкелі» мемлекеттік жергілікті маңызы бар табиғи қаумалындағы сенбілік шарасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Табиғат жанашырлары Бейнеу орманы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне қарасты «Көлеңкелі» мемлекеттік жергілікті маңызы бар табиғи қаумалындағы Есенбет әулиенің басындағы ағаштарын әктеліп, маңайда тазалау жұмыстарын жүргізді. Қаумал қызметкерлері мұндағы бұлақ көзін тазартып, маңайдағы қоқыс атаулы жанап шықты", - деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары.
Бұл қаумалдың солтүстігі Атырау облысының «Желтау» жерімен шектесіп, «Көлеңкелі» деген шыңды толық қамтиды.
58 мың гектар алқапты алып жатқан Көлеңкеліде Есенбет, Ақкетік, Жиделі, Айқынқара, Қалбас, Сарыбұлақ деген бұлақтар бар. Сондай-ақ, мұнда жусан, теріскен, баялыш, бұйырғын, азиялық түйежапырақ, жыңғыл, сораң, ақселеу, жуа, қызғалдақ сынды өсімдіктер өседі.
Сондай-ақ, арқар, қабан шошқа, қасқыр, қарсақ, түлкі, күзен, дала мысығы, қоян, қосаяқ, сарышұнақтар мекендейді. Еліміздің Қызыл кітабына енген дала қыраны, қарақұс, бүркіт, ителгі, дуадақ, қарабауыр, бұлдырық, шағыл мысығы, арқар секілді түз тағыларынан Көлеңкелі аумағынан кездестіруге болады.
Тарихи мәдени мұра нысандарынан бұл аумақта Есенбет зираты, Ырғызбай зираты, Жансүгір зираты, Қалдыбай зираты орын тепкен. Шыңның «Көлеңкелі» аталуы бұлақтар шыңның батысында болғандықтан ертеде елдімекендер бұлақтарға жақын орналасқан.