Мұнайлы ауданында үш сенбілікте 155 тонна қоқыс шығарылып, 1200 түп ағаш егілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілік шарасында көше сыпыру, жол жиектерін тазалау, тал егу, ағаш діңгегін әктеу сынды ауқымды экологиялық жмұыстар ұйымдастырылған.
16 наурыз бен 27 сәуір аралығында ауданда 7 сенбілік өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта оның үшеуі өтіп, 65 гектар жер 155 тонна қоқыстан тазарған.
"Ауданда күнделікті көше тазалығы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Барлық ауылдық округтерде тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандардың тұрмыстық қалдықтары күнделікті шығарылуда. Мұнайлыны көгалдандыру мақсатында биыл көктем мен күзгі сенбіліктерде 4000 түп тал егу жоспарланды. Бүгінгі күні 1200 түп қаратал, тұт және жеміс ағаштары мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандырдың аумағына егілді. Ауданның бірқатар жерлері абаттандырылып, барлық ауылдарда көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр", - деп жазылған аудан әкімдігі таратқан мәліметте.
Алдағы күндері аудан аумағындағы тарихи мәдени орындар, қорымдар мен туристік 9 орынға сенбілік жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде Ыбықты-Сай, Бала әулие, Құрық ата әулие, Бердібек ата және Баянды әулие секілді орындар бар. Сонымен қатар Жаукен, Жолжан мен Қатем некропольдерінің маңдарын тазалау жоспарға енген.
Сондай-ақ, былтыр ауданда 60-тан астам шақырым жол салынды. Алда тағы 80 шақырымға жуық жол төсеу көзделген. Бұл асфальт жолдарының маңына қалмай абаттандыру, көркейту жұмыстары сәйкесінше жүреді.