Мұнайлыда аудан әкімі Ержан Күмісқалиев аудандағы құрылысы жүріп жатқан мектептерді аралады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылтөбе-2 тұрғын алабында және Басқұдық ауылдық округінде жаңа заманауи екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Аудан басшылығы мердігер мекеме өкілдерімен құрылыс басында кездесіп, нысанның жай-күйімен танысып, кем-кетік жерлерін ретке келтіруді тапсырды.
Екі мектептің де құрылысы осы жылы аяқталып, жаңа оқу маусымында балалар игілігіне беріледі деп жоспарланған.1200 балаға шақтап салынып жатқан білім ордалары соңғы үлгідегі заманауи техникалармен толық жабдықталмақ.
Аудан басшысы үш ауысымды мектептерді жою бағытында жүргізілетін жұмыстарды жеке бақылауында ұстап отыр. Бұдан бөлек аудан аумағында алдағы уақытта тағы 3 мектеп құрылысын жыл аяғына дейін бітіру жоспарланған.