17 сәуірде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әбдурасул Өтешов облыс аумағындағы құқық бұзушылық мониторингінің нәтижесін баяндады.
"Мониторингке сәйкес, үш айда, яғни, 2024 жыл басынан бері 400 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның 366-ы елді мекендерде, 29-ы республикалық маңызы бар автомагистралдарда және 5-еуі жергілікті автожолда болған. Жол-көлік оқиғасының ең ауыр жағдайлары республикалық автожолдарда тіркелді. Үш айда қаза тапқан 34 адамның 21-і (61,8%) осы жолдардағы апаттың салдарынан ажал құшқан» - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әбдурасул Өтешов.
Полицейлердің айтуынша, жүргізушілер арасында ең көп таралған заң бұзу фактісі – жылдамдықты асыру. Осыған байланысты жүргізушілер арасында жауапкершілік деңгейін арттыру үшін техникалық бақылау құралдары пайдаланылады. Мәселен, бүгінгі таңда Маңғыстау облысында "Кибер шериф" борттық аппараттық-бағдарламалық кешені 21 патрульдік автокөлікке орнатылған. Құрылғы қалалық жолды, сондай-ақ республикалық және жергілікті маңызы бар трассаларды тәулік бойы күзетеді.
Отырысқа қатысушылар жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызын атап, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына да тоқталды.
Отырысты қорытындылай келе облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мынаны атап өтті:
"Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау үшін барлық орган мен ведомство, сондай-ақ депутаттық корпус пен қоғамдық штабтың күш-жігерін біріктіру қажет. Азаматтардың қауіпсіздігі мен заңдылықты сақтау саласындағы басым міндеттер үнемі назар аударуды және үйлескен әрекеттерді талап етеді. Жол инфрақұрылымын жақсарту, тиімді патрульдеу және қылмысқа қарсы алдын-алу шараларын жалғастыру біздің стратегиямыздың ажырамас бөлігі. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана азаматтарымыз үшін қолайлы және қауіпсіз орта құрып, облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз", - деді Нұрлан Ноғаев.