Мұнайлы ауданында тұратын Ізтілеуовтер мен Мотыевтар жанұясы «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілетеме жасап.
«Маңғыстау» ауылында тұратын Ізтілеуовтер отбасы бюджет саласында еңбек етеді. Отағасы Әбішбай Ізтілеуов – Мұнайлы аудандық ауруханасында дермотолог дәрігер. Ал отанасы Рызахан Джанабаева – балаларға сапалы білім беріп жүрген ұстаз. Шаңырақ көтергендеріне биыл 43 жыл болды. 3 ер бала, 2 қыз бала тәрбиелеп өсірген Ізтілеуовтер отбасында қазір 15 немере бар.
- Отбасын, отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, біреуіміз дәрігер, біреуіміз ұстаздық қызметті атқарып жүрміз. Шаңырағымызда бала тәрбиесін бірінші орынға қойып, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету дегендей адами құндылықтарды немерелерімізге, балаларымызға үйретіп айтып отырамыз, - дейді Әбішбай Ізтілеуов.
Ал Атамекен ауылында тұратын Мотыевтар отбасы өнерге жақын. 2 ұл мен 4 қыздың әкесі Қожахмет Мотыев – зейнеткер, біраз жыл білім саласына үлес қосқан ұстаз. Жұбайы Ақорын Мотыева Шымкент музыка училищесін бітіріп, музыка мектебінде домбырадан сабақ берген. Қазір зейнетте. 18 немерені тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя.
- Қазақ халқы ежелгі заманнан бері отбасын киелі, қастерлі санаған. Отбасы - қоғамның ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан моральдық салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың сақтаушысы, - дейді Қожахмет Мотыев.
Айта кетейік, енді қос жеңімпаз отбасы ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде бақ сынамақ.