«МАЭК» ЖШС басшысы Талғат Есентүгеловтың айтуынша, энергокомбинаты жылу беру маусымына дайын. Сондықтан мұнда Екібастұз оқиғасы қайталанбайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сондай-ақ басшы ыстық судың тоқтауын су қабылдау көлемінің 10-нан 16 мың текше метрге дейін ұлғаюына байланысты екенін атап өтті. Оған қоса орталық сумен жабдықтау нүктелеріндегі су деңгейінің төмендеуіне жол бермеу үшін ыстық суды өшіруге мәжбүр болғанын жеткізді
«Су шығыны артты, оны жылу жүйесіне қандай көлемде берсе, сол көлемде қайтару керек. Қазір сағатына 500 текше метрге аз қайтып жатыр. Бұл кейбір үйлердің айналымды арттыру және температураны көтеру үшін суды ағызып жатқандығына байланысты болуы мүмкін. Тексереміз», – дейді Талғат Есентүгелов.
Сонымен қатар Талғат Есентүгелов МАЭК өзінің максималды жобалық қуатымен жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жаңа үйлер салынып жатыр, бірақ кәсіпорын енді оларды жылумен және сумен қамтамасыз ете алмайды. Жылуға деген қажеттілік бүгінде 800 Гкал/сағ болса, ал мұнда 500 Гкал/сағ ғана өндіріледі.
«Құрылысшылар жаңа үйлерді саларда бізбен келіспейді. Барынша жоғары қуатта жұмыс істеп жатырмыз. Одан әрі көлемді арттыра алмаймыз деп үнемі айтып жүрміз. Бірақ үйлер әлі салынып жатыр, кейін тұрғындарды сонда орналастырады. Ал тұрғындар болса әкімдікке "не бізге жылу мен суды бересіздер, не митингке шығамыз" дейді. Әрине, біз жылу мен суды қосамыз, бірақ бірден көрші үйлер жылуды жоғалтатынын ескертеміз. Өйткені жылуды жаңа үйлермен бөліседі», - деп түсіндірді МАЭК басшысы.