Маңғыстауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мектептерде үш ауысымды білім беру мәселесі шешіледі. Ол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін өңірде 24 мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектептерде 45800 мыңнан астам оқушы екі ауысымда оқитын болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысында балалар санының өсуі соңғы жылдары Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткішке жетті. Үш ауысымды білім беру жағдайы өңірдің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
- Статистикаға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында соңғы бес жылда оқушылар саны 46 мыңға артқан, өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 8,5 мыңға көбейді, – деді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.
Оның айтуынша, өңірде жыл сайын жаңа оқу орындарының саны артып келеді, бірақ үш ауысымды мектептер мәселесі өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Маңғыстауда үш ауысымды оқытатын 17 мектеп болса, апатты жағдайда 2 мектеп бар.
Соңғы үш жылда Маңғыстау өңірінде 5760 орындық 79 балабақша мен жеті мектеп пайдалануға берілді.
Биылғы оқу жылында өңірде 185 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 145-і мемлекеттік, 30 – жекеменшік, бес кешкі және бес арнайы білім беру ұйымдары.Білім беру ұйымдарында 175370 оқушы, оның ішінде күндізгі мектептерде - 165509 оқушы оқиды.
2019 жылдан бастап облыста 4560 орындық алты мемлекеттік мектеп және 2463 орындық сегіз мектеп қосымшасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2019 жылы Мұнайлы ауданы Атамекен ауылының №7 мектебінің жанындағы 320 орындық қосымша ғимараттың, Басқұдық ауылының № 9 мектебінің жанындағы 320 орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды.
2020 жылы Мұнайлы ауданы Батыр ауылында 960 орындық №15 мектеп, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында 600 орындық мектеп-гимназия, Бейнеу ауданындағы Ж. Қалдығараев атындағы орта мектепте 312 орындық қосымша, Бейнеу ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектепте 312 орындық қосымша пайдалануға берілді.
Сондай-ақ Қарақия ауданындағы бос тұрған балабақша ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 300 орындық бастауыш мектеп ашылды.
2021 жылы Ақтау қаласының 34 шағын ауданында 1200 орындық №19 мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді, Шығыс 1 шағын ауданында 300 орындық №25 мектептің құрылысы аяқталды, облыс орталығының 32а шағын ауданында №29 мектептің жанында 400 орындық қосымша, Өмірзақ ауылында №27 мектептің жанында 175 орындық қосымша ғимараттар жұмыс істейді.
– Биыл 2 мектеп (Ақтау шағын ауданында 1200 орындық 31, Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында 600 орындық мектеп) және Бейнеу ауданында Күйкен атындағы мектепке 312 орындық мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Бейнеу ауданындаАтамекен атынжағы мектепте тағы бір 312 орынға арналған қосымша ғимарат берілді. Мектептерде пәндік кабинеттер, оның ішінде информатика, технология және т.б. кабинеттер бар, сондай-ақ қазіргі уақытта 4800 орындық төрт мектептің құрылысы жүргізілуде және "Ауыл ел бесігі" бағдарламасы бойынша 625 орындық 3 мектепке 3 қосымша құрылыс салынуда, – деп атап өтті Динара Жұмашева.
Айта кету керек, соңғы үш жылда орта білім беру саласындағы жеке сектордың үлесі жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу есебінен артып келеді.
Мәселен, 2019-2020 оқу жылында облыста бес жекеменшік мектеп болса, биыл олардың саны 30-ға жетті. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Маңғыстау облысында Мектепке дейінгі ұйымдарды ашу жөніндегі "қадамдық жоспарға" сәйкес 5760 орындық 79 жекеменшік балабақша пайдалануға берілді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында білімге ерекше көңіл бөледі, мұнда тек мектептер туралы ғана емес, балабақшалар, колледждер мен жоғары оқу орындары туралы да қамтылған. Президенттің бастамаларының бірі – сыбайлас жемқорлардан тәркіленген ақшаға мектеп салу.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық ата – аналар үшін ең өзекті жағдай - орта білім беру сапасын арттыру мәселесі туралы жария түрде айтты. Президент әрбір оқушының оқуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдайлар болуы керек деп мәлімдеді. Осыған iбайланысты Маңғыстау облысында облыстың әрбір баласын оқушы орнымен қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ
Жобаны іске асыру арқылы 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік береді. Жаңа жайлы мектептердің қазіргі салынып жатқан мектептерден тұжырымдамалық айырмашылықтары бірыңғай құрылыс стандартын сақтау, пәндік кабинеттермен және зертханалармен толық жарақтандыру, 1-4 сынып оқушылары мен 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, спорт залдарының саны оқушылар санын ескере отырып есептелетін болады, спорт залдары 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналастырылатын болады, әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар қамтылмақ. Осы және басқа да инновациялар біздің балаларымыздың дағдылары мен құзыреттерін жан-жақты дамытуға бағытталған.
Президент бұған дейін білім алу үшін қалыпты жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өткен еді.
- Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін көп айтылғанымен, үш ауысымды, апатты, тозығы жеткен мектептер мәселесі шешілмеді. Сондықтан осы ұлттық жобаны іске асыру Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс.
Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің мақсатына сай пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым бойынша барлық мәселелерді шешуі тиіс. Мұнда ешқандай сылтау жоқ. Сондықтан өңір әкімдерінің дербес жауапкершілігін бекіту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуы тиіс мектептер бойынша бір ай ішінде жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосылу жөніндегі барлық мәселелер шешілуі тиіс. Қалғандары жыл соңына дейін орындалуы қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің бірыңғай тапсырыс беруші деп Samruk-Kazyna Construction-ды анықтау туралы ұсынысын да қолдады. Бұл ретте президент бюджеттен бөлінетін қаражаттың пайдаланылуын қатаң бақылау қажеттігін мәлімдеді.