Мұнайлы ауданының Батыр ауылында әлі де жылусыз отырған үйлер бар. Тұрғындар бес жылдан бері санаулы үйге газ тартылмағанына шағымданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Батыр ауылындағы Хазар ықшам ауданының 4-көшесінің кей үйлеріне газ жүргізілмегендіктен отын жағуға мәжбүр. Ал тамақ пісіру үшін қауіпті газ баллонды қолданудан басқа амалымыз жоқ дейді тұрғындар. Немерелерінің өміріне алаңдаған Алтын Мұхамбетова әкімдерге ренжулі.
- Биыл да әкімге барып табанымыз тозды. Отын да жоқ, сатып алайық десек көмір де жоқ. Түтін-түтін болып қауіпті жағдайда отырмыз, өртеніп кетсек кім кінәлі болады?, - дейді Алтын Мұхамбетова.
- Үй суық, немерелеріміз ауырып жатыр. Әкімге барсақ әне-міне деп газ тартпай жатыр, - дейді Қаным Кендірбаева.
Бұл көшенің кейбір тұрғыны қыс түскенде үйін тастап, пәтер жалдап кетеді. Сондықтан, мектеп жасындағы балалар қыс бойы басқа мектепте оқиды.
- Қазіргі таңда мердігер құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты аталған нысан бойынша түзету енгізуге ұсыныс берді. Алайда нақты шешім облыс тарапынан қабылданатын болады. Аталған нысанның құрылысын уақытынан бұрын аяқтау бойынша мердігерге бірнеше рет хат жолданды. Атқарылмаған жағдайда сот құзырына жолданатын болады, - деді Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет бөлім басшысының орынбасары Қыдырберген Балиев.
Әкімдіктегілердің сөзінше бұл тұрғындардың үй салған жері алғашында бір адамға қосалқы шаруашылық жер ретінде берілген. Артынша жер иесі аумақты бірнеше бөлікке бөліп сатып жіберген. Ал әкімдіктегілер амалын тауып газ құбырын жүргізіп береміз отыр.
Махаббат Нұржанқызы