Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылы әкімдігі ғимаратынан жанынан тұрғындарға арналған қоғамдық орталық ашылмақ. Жоба «Республика күніне» орай жүзеге асады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Орталықта демеушілердің көмегімен төрт кабинет дайындалған. Барлығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, керекті құрал-жабдықтар жарақтар алынып, «Республика күні» мерекесі қарсаңында лентасы қиылмақ.
Орталықтың бірінші кабинеті —кітапхана және танымдық бұрыш. Екіншісі кабинетте — шеберлік сабақтары, яғни тігін тігу мен аспаз өнерінің қыр-сырлары үйретіледі. Үшінші бөлме өзіне-өзі қызмет көрсету болса, төртіншісі үйірмелерге арналған кабинет.
Қоғамдық орталықта домбыра, гитара, тоғызқұмалақ, шахмат, шашка сияқты үйірмелер тұрғындардың жас мөлшеріне қарамастан тегін жұмыс істейді. Өзіне-өзі қызмет көрсету кабинетінде балалар бұрышы да қарастырылған.
Орталыққа ауданның кез келген тұрғыны келіп, қалаған үйірмелеріне қатыса алады. Осылайша, жастардың, аға буынның да орталыққа келіп бас қосуына, өз ойларын ортаға салып, іске асыруына мүмкіндік беріліп отыр.
- Біздің негізгі мақсатымыз – келушілердің бос уақыттарын тиімді өткізуіне көмектесу, шығармашылыққа баулу, қызығушылықтарын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау, – дейді ауыл әкімі Сауыт Айтбаев.