Бүгін Мұнайлы ауданы Дәулет ауылдық округінде 400 адамға арналған жаңа мешіт ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Қасиетті ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Ержан Күмісқалиев, ҚМДБ діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайл қажы Сүйерқұлұлы, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, мешіт салуға атсалысқан кәсіпкерлер мен ақсақалдар қатысты.
Салтанатты шараны Маңғыстау облыстық орталық мешітінің азаншысы Әли Қазақ Құран оқумен ашып, Смайл қажы Сүйерқұлұлы бата жасады. Мешіттің салынуына бастама көтерген Қосныяз Жақсыкелді сөз алып, кәсіпкерлердің ұйымшылдық көрсетіп, аз уақытта мешітті тапсырып отырғанына алғыс білдірді. Жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналса деген тілектерін жеткізді.
Шараға қатысқан Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев жетінші мешіттің ашылуымен құттықтады.
- Бүгінгі ашылған «Әбу молда» мешіті аудандағы жетінші рухани орын болмақ. Сіздерді жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаймын! Адамзатты имандылыққа шақыратын жер ол – мешіт. Жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын, - деді Ержан Күмісқалиев.
Бұл мешітке діни басқарманың шешімімен «Әбу молда» атауы беріліп, Чавкаров Берік имам болып тағайындалды. Оны жамағатқа Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Ізімбайұлы таныстырды.
Ол осыған дейін Қызылтөбе ауылының «Мұстафа» мешітінің найб имамы қызметін атқарған.
Шара соңында марқұмдардың рухына құран бағышталып, ас берілді және қонақтар мешіттің ішін аралап танысты.