Өткен 2023 жылы Мұнайлы аудандық полиция басқармасына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1200-ден астам хабарлама түскен.
Бұл туралы жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Нұрбақыт Таттыбаев айтты.
Нұрбақыт Қобыландыұлының мәліметінше, келіп түскен хабарламалар бойынша 700-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
- 2022 жыл 800-ден астам хабарлама түссе, 2023 жылы 1200-ден асты. Әр азаматшаның арыз-шағымы қаралды. Нәтижесінде ҚР ӘқбтК 73-бабымен (Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер) - 508 адам (2022ж.-219), ҚР ӘқбтК 461 бабымен (Қорғау нұсқамасын бұзу) -24 адам (2022ж.-16), 669 бабымен (Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) - 3 адам (2022-1) әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Нұрбақыт Таттыбаев.
Қазір ауданда 68 қолайсыз отбасы есепке алынған, ол бұл шаңырақтарда кәмелетке толмаған 184 бала тәрбиеленеді. Аталған оқушылар мектеп басшылығы, педагогтар мен психологтардың жіті қадағалауына алынды. Атап айтсақ, адамға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және діни, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, қыркүйекте Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылында «Жанұя» орталығының жанынан отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы қолдау орталығы ашылып пайдалануға берілді. Аталған орталық мамандары, ауыл әкімдерімен бірігіп отбасы саласына қатысты мәселелер бойынша заң тұрғысында құқық бұзушылыққа бейім отбасы мүшелерімен бірлесе және қиын жағдайда қалған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау бойынша да тиісті жұмыстар қолға алынды.
Жас аналар мен қыздар арасында отбасын жоспарлау, әйелдер арасындағы зорлық зомбылықты жою, репродуктивті денсаулық сақтау мәселелері тақырыбында кеңестер мен кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылған.
- Учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе бірнеше рет отбасы шырқын бұзған тұлғаларды мекен-жайы бойынша тексеріп, олардың отбасы мүшелерін қатыстыра отырып, бала тәрбиесіне қатысты түсінік жұмыстары жүргізіліп, білім беру ұйымдарымен бірлесе жартылай отбасы, өгей әке-шешемен тәрбиленіп жатырған мектеп оқушылары бойынша ақпараттармен алмасу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп отыр. Алдағы уақытта да ауданда жедел әрекет ету тобының жұмысын ұйымдастыру бағытында қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, жергілікті әкімдіктер мен қоғам арқылы оларға жан-жақты көмек көрсету жұмыстарын жоспарлауымыз қажет,-деді Нұрбақыт Таттыбаев.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне түзетулер заңды күшіне енгені белгілі.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көбінесе жәбірленушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін агрессорларға өтініш жазудан бас тартады. Полиция кеткеннен кейін отбасындағы жанжал әрі қарай ушығып, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғады. Осыған байланысты енді, жаңа Заңға сәйкес, тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскен кезде, оқиға орнында полицейлер болған оқиғаға құқықтық баға береді.
Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен полицейлердің өздерінің бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті.Соңғы шешімді сот қабылдайды.
Мысалы, әйел отбасылық жанжал бойынша қоңырау шалды. Полиция келгеннен кейін шиеленіс шешіліп, дебошир өзінің заңсыз әрекетін тоқтата қояды. Өз кезегінде, әйел өтініш жазудан бас тартады, бірақ өзіне қатысты құқық бұзушылық жасалғанын түсіндіріп айтады. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта жасалған жағдайда-10 тәулік қамауға алу.
Ұрып – соғу фактісі үшін – 10 тәулік қамауға алу, қайталанса - 20 тәулік. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін - 15 тәулік қамау, ал қайталанса - 25 тәулік.
Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін қоғамдық жұмыстарды тағайындау мәселесі пысықталуда. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымды азайтуға мүмкіндік береді.
Айгерім АШЫҚБАЕВА