Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған Аяповтар әулеті мұнайлылықтар ғана емес, осы салада жұмыс жасайтын көпшілікке жақсы таныс. Себебі бұл отбасының барлық мүшесі ел экономикасының күретамыры саналатын темір жолда еңбек етуде. Олардың барлығы қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін адал еңбекпен көтерілген, нағыз еңбек адамын осы әулеттен табуға болады.
Әулеттің абыройын асырған Базаржан Аяпов 1947 жылы Маңғыстау ауданы, Жыңғылды ауылында дүниеге келген. 1967 жылы техникумды аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолын қарапайым жол жөндеуші болып бастайды. Теміржолдың алғашқы сатысы саналатын жол жөндеуші қызметінде жарты жыл жұмыс жасап 15 бекеттің кезекшісі лауазымына ауысады. Тоқсаныншы жылға дейін аталған қызметті абыроймен атқарып, еңбегі еленіп, басшылық оны 15 бекеттің басшысы қылып тағайындайды. Үйленеді. Балалы шағалы болады. Зайыбы Қымбат Аяповамен (1946 жылы туылған Бейнеу ауданы Сам ауылының тумасы) бірге жеті бала тәрбиелеп өсірген. Теміржолдың темірдей тәртібін ұстанатын отбасының тірегі 47 жасында дүниеден озып, мәңгілік мекеніне аттанады. Ал отанасы Қымбат Аязбайқызы 15 бекеттің кезекшісі қызметін атқарып, көпбалалы ана ретінде 55 жасында зейнеткерлікке шыққан. Теміржол тынысына әбден қанық жанұяда тәрбиеленген жеті баланың үшеуі әке мен ана жолын қуған. Ұлы Төлеген Аяпов «Сигнал беру және байланыс дистанциясы» (ШЧ-10) мекемесінде электромеханик болып жұмыс жасаса, қызы Айгүл Маңғыстау стансасының техника қауіпсіздігі және еңбек қорғау инженері қызметінде, ал кіші қызы Айнұр болса Құрық порт стансасында шекара бойынша агент болып абыройлы еңбек етіп келеді.
Ауданымызда тұратын бұл отбасының тірлігі теміржолмен біте қайнасып, құрыш білекпен болат жолдың бойында еңбек ететін ұрпақтар бүгінде ата дәстүрін бұзбай, әкеден бастау алған кәсіптің құлағынан ұстағандарын мақтан тұтады.
«Шойын жолдың бойында балалық шағымыз өтті. Тепловоздың алыстан шыққан дауысы, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс. Есейіп, мамандық таңдап, осы саланың нанын жеп келеміз. Теміржол үлкен жауапкершілікті, ұқыптылықты талап ететін сала. Мұнда босаңсуға болмайды, тәртіп қатаң. Жол бойының майы қалай жұқса, наны да сондай сіңімді болады екен. Жастайымыздан осы салаға ерекше араласып, болат жолдың бойында аса жауапкершілікпен тынбай еңбек етіп келеміз», - дейді ұлы Төлеген Аяпов.
Ұрпақтар сабақтастығы үйлесім тапқан Аяповтар әулетінде жас теміржолшылар да өсіп келеді. Қиын әрі жауапты теміржол саласында әулет жолын жалғаған немерелері Нұрсұлтан Аяпов – қозғалыс қауіпсіздігі жөнінде аймақтық салалық ревизоры болса, Нұрбек Базаржанов – 15 бекет кезекшісі, әулеттің келіні Қанзия Жоламанқызы да осы қызметте. Немере күйеубаласы Асқат Шарапатдинов – Маңғыстау қосалқы бөлімшесінде өндірісті қамтамасыз ету секторының жетекші инженер-технологы қызметін атқарып, әке мен ана салған сара жолды жалғап келеді. Біз сөз еткен теміржолшылар әулеті осылайша темірдей тәртіпке тоқтаған, әрбірі жауапты қызметтің тізгінін ұстаған жандар. Теміржолшылардың тынымсыз тірлігі еліміздің экономикасына қомақты үлес қосуда деп білеміз. Өйткені, айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, сонымен қоса, жүк тасымалының қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі айқын көрініс тауып тұр. Әулеттің әрбір мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешуде.
Дина ӨТЕПБЕРГЕНОВА