22 шілде күні сағат 20.15 шамасында Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Жаңа Дәулет кентіндегі жолдың жанынан дене жарақаттары бар ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Сол күні аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі ("адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - делінген полиция хабарламасында.
Полиция қызметкерлері Жаңа Дәулет кентінің 67 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 35 жастағы ер адамды ұстады.
- Тергеу сотының санкциясымен күдіктіге қатысты екі ай мерзімге "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, - деді полиция департаментінде.
Құзырлы орган мәліметінше, алдын ала болжам бойынша, екі жүргізуші бір-біріне жол бермей, арасында жанжал пайда болған. Қылмыстық іске күдікті эмоцияларға бой алдырып, көліктен шығып, 67 жастағы жүргізушіні ұрып-соққан. Алған жарақаттарынан кейін жәбірленуші сол жерде қайтыс болған.
Құқық қорғау органдарының өкілдері жүргізушілерді жолда туындайтын осындай жағдайларда эмоцияларға берілмеуге, сізді үйіңізде күтіп отырған адамдардың барын естен шығармау керек екенін ескертеді.