Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сұлтанбек Құдайбергенмен сұхбат.
-Сіз басқаратын музейде Әбіш шығамашылығына, яки өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін қандай тың мәліметтер бар? Мүмкін көзі тірісінде аяқтай алмай қалған шығармалары қойылған шығар?
-Әбіш шығармалары ішінде аяқтай алмай кеткен шығармалары бар-жоғын көзкөрген, ізбасар, үзеңгілес бауырлары айтпаса, мен оған куәлік бере алмаймын. Музейге аяқталмаған шығармасы қойылған жоқ. Дегенмен Әбекең саясатқа араласқандықтан әдеби көркем шығармалардан алыстағаны рас, бірақ жазудан түбегейлі қол үзбегені де рас. Ал енді көпшілікке беймәлім деген мәселеге тоқталатын болсам, Әбіш шығармашылығының бастауы 5-сыныпта оқып жүргенде басталды дейді халық. Сол кезде бала Әбіш “Сталин жолы”, газетіне “Екпінді егін екпей ме?” мақаласы жарияланған. Абыздың алғашқы туындысы деп санап жүрген осы мақаланың негізгі атауы «Егіске әзірлік баяу» деп аталатынын және бұл Әбекеңнің тырнақ алды туындысы емес екенін анықтадық. Ол кісінің алғашқы мақаласы 1953 жылы 1 ақпан күні жарияланған - «Ауыл еңбекшілеріне кино көрсету жақсарса екен» деген туындысы. Бұл - шығармашылығына қатысты тың ақпараттар. Айта кетейік, “Сталин жолы” газеті оған штаттан тыс тілші ретінде қаламақы төлеп тұрған.
- Ал баспасөз бетіндегі тұңғыш өлеңдері туралы не айтар едіңіз?
- Қаламгердің алғашқы өлеңі «Сталин жолы» газетінің 1955 жылғы 10 қазанда жарық көрген «Енді қайда барамыз?» деп аталатын шымшыма шумақтары. Онда өзі тұратын ауылдың мәдени ошақтарын сөзбен түйреп өткен екен. Жалпы қаламгердің сол кезде жазған 38 мақаласы, 11 өлеңі бар. Ал енді жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін тың ақпаратты айтар болсам, Әбіш жазбаларының соңында Ә емес, А. Кекілбаев деп қол қойған. Сондағысы оның азан шақырып қойған аты- Артелбай болған. Кейін аты өзгертілген. Бұл да көпшілік біле бермейтін ақпарат.
-Бірі білсе, бірі білмес Әбіш өзінің әр саяхатынан сапарнама жазған. Сондағы мақсат не болған?
-Ол кісінің көп саяхаттағаны белгілі. Әр саяхатынан сапарнама жазу оның хоббиі болған десек те болады. Солардың бірі - Жапония сапарынан «Тырау, тырау, тырналар» сапаранамасы. Ондағы мақсат- Алаш идеясымен үндесіп жатуында деп ойлаймын. Алаштықтар да Жапонияны үлгі тұтты. Қазақ елі Жапонияның даму жолымен жүрсе нұр үстіне нұр болар еді деген идеялар таралды. Бірақ, ең соңында ол кісілерге «жапонның тыңшысы» деген айыптар тағылып, түрмеге тоғытылды және Сталиндік репрессияға ұшырады. Солардан қалған жолды жалғастыру мақсатында жазған болар деп ойлаймын. Одан бөлек, мың өліп, мың тірілген қазақ жапонның үлгісімен жүріп, жапонның жолымен біз де дамысақ, үлкен іргелі елге айналсақ деген арзу арманы да жатқан еді.
- Әбіштің жеке қолданысында болған заттарының қанша бөлігі музейде орналасқан?
-Музейдің 60-70 пайызы Әбіш шығармашылығына, өмірі мен отбасына арналған. Әбекеңнің Алматыдағы үйінен бастап, қолданған заттары, алған сыйлықтарына дейін осы музейде қамтылған. Музей Әбекеңнің көзі тірісінде ашылғандықтан көп дүниені өзі әкеліп берді.
- Әбіш шығармаларын зерттеушілердің еңбектері музейде қамтылған ба?
-Кез-келген музейдің көрме залы жасақталған уақытта оның құрылымдық, сосын тақырыптық жоспарлары жасақталады. Сол жоспарда бұлардың барлығы қамтылады. Соның ішінде жеке тұлғаларға арналған залда міндетті түрде сол тұлғаны зерттеген, сол тұлғаның өміріне, шығармашылығына қатысты басқа да деректердің барлығы қойылады. Біз де солай. Әбекеңді зерттеушілер, оның шығармаларын тәржімалаған шетелдік аудармашылардың еңбектері, суретттері барлығы да қамтылған.
-Әбіш шығармашылығына қатысты тағы қандай құнды дүниелерді біз музейден көре аламыз?
-Әбекеңнің қолжазбаларының түпнұсқалары, басқа да шет тіліне аударылған, өзінің ең алғашқы шығармалары болсын барлығы музейде қамтылған.
- Тың ақпараттар жинақталған анықтамалық кітапшаның тұсаукесері қалың көпшілік үшін қашан ұйымдастырылады?
-«Әбіш Кекілбайұлының тырнақалды туындылары» деген ғылыми-биографиялық анықтамалық 1953-1958 газет-журналдарда жарық көрген алғашқы туындыларының жиынтығы болмақ. Яғни оқушы кезден 1-курс студенті аралығындағы кезеңді қамтиды. «Қаламгердің шығармашылығы қалай, неден басталды?» деген сұрақтарға жауап беретін ғылыми-биографиялық анықтамалықтың тұсаукесерін 6 желтоқсанда, жазушының туған күніне орай өтетін іс-шара аясында ұйымдастырғымыз келіп отыр. Көпшілікке есігіміз ашық.
- Мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан: Ақтау қаласындағы ІТ мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Фариза Өтесбай