Түркістан қаласында Маңғыстау облысының өнім өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірден барған 15 кәсіпкер балық, тері өнімдерін, Маңғыстаудың тасынан, ағаштан, темірден жасалған бұйымдарды, ұлттық нақыштағы сәнді киімдерді, құрақ көрпелер және суретшілердің қолынан шыққан өнер туындыларын жұртшылыққа ұсынды.
Сонымен қатар, «Астана» спорт кешенінде жастар арасында Маңғыстау және Түркістан облысы командаларының шағын футболдан жолдастық кездесуі, Маңғыстау және Түркістан облысы аналар кеңесінің бірікккен шарасы ұйымдастырылды. Кеңес аясында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, соның ішінде Маңғыстау өңіріне тән Амал мерекесіне орай өтетін “Көрісу” дәстүрі дәріптелді.
Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының ұжымы да өлкенің тарихы, мәдениеті кеңінен баяндалған ақын - жазушылардың 250-ге жуық кітабын түркістандық оқырмандарға таныстырды.
Түркістандағы Маңғыстау облысының күндері аясында Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының әртістері «Әлиханның аманаты» пьесасын қойды. Шығарманың авторы ҚР Мәдениет қайраткері Нартай Сауданбекұлы, қоюшы режиссёрі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева.
Бір жарым сағатқа созылған қойылым ұлт көсемі Әлихан бастаған Алаш зиялыларының асқақ рухына және Алаш Орданың 100 жылдығына арналған. Әлихан Бөкейханнан бөлек Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин секілді қазақ зиялылары да сомдалған.
Маңғыстаудың мәдени күндері «Karavansaray Turkistan» туристік кешенінде елімізге белгілі әнші, Маңғыстаудың тумасы Тамара Асар және маңғыстаулық эстрада жұлдыздарының «Әнім саған, бағзы Тұран!» концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.