Ақтау қаласындағы Амфитеатр сахнасында «Әбіш әлемі» II халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кеш басында көрші елден, Алматыдан және басқа да облыстардан келген құрметті қонақтар, драма театрлары әртістерінің қатысуымен салтанатты жиыны өтті. Содан кейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындар мен фестиваль қатысушыларын құттықтап, сөз сөйледі.
– Әр қаламгердің асыл арманы мен мақсаты – өз халқының даңқын дүние жүзіне асқақтату. Бұған Әбіш Кекілбаев үлгерді. Оның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы ұлттық зияткерлік меншікке айналды. Мен өз тарапымнан құрметті қонақтарымызға алғысымды білдіргім келеді. Бұл фестиваль құнды тәжірибе алмасуға және ел арасындағы достықты байланыстырып, одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деді Нұрлан Ноғаев.
Ақтау қаласының тұрғындары мерекелік концертке, атап айтқанда, шетелдік өнерпаздардың өнеріне риза болды.
- Маған концерт те, қызықты қойылымдар мен әдемі костюмдер, әсерлі әуендер, бәрі де ұнады. Бұл мереке есімізде ұзақ сақталады. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, осындай шаралар көп болса екен, – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Әлия Оразбайқызы.