29 қыркүйек күні Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда Хатимолла Бердіғалиевтің 70 жылдығы аясында «Шырқал ән, төгіл дауыс» атты республикалық шығармашылық кеш өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бұл жайды Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының ақпарат бөлімі жетекшісі Олжас Сейтімов қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте мәлім еткен.
Спикердің айтуынша, турне республикамыздың 10 облысында болады. Мамырда басталған шара Ақтау қаласына да жетті.
- Турне мақсаты - Мемлекет алдындағы айрықша міндеттердің бірі руханият кеңістігін ұлттық тәрбиемен астастырып, патриоттық идеялогияны қалыптастыру және қазақ даласындағы дарынды дарабоздардың есімдерін дәріптеу арқылы төл өнерімізді қастерлеу, осы ретте ұлтымыздың ән мұрасын дамыту. Хатимолла Жәңгірұлы сынды тұлғаның өнердегі өнегелі жолын келешек ұрпаққа үлгі ету болып табылады, - деді Олжас Сейтімов.
Спикердің айтуынша, күзгі турнеде Хатимолла Бердіғалиевтің шәкірті «Құрмет» орденінің иегері, дәстүрлі әнші Қайрат Кәкімов қатысады.
Брифингке кеш иесі Хатимолла Бердіғалиевте қатысып, өмірбаянынын айтып берді. Ол іскерлік қабілетімен, үздік өнерімен танылып, бірнеше дүркін бүкілодақтық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанған. Ресей, Моңғол, Қырғыз, Өзбекстан елдерінде өнерімен танылып, ел ықыласына бөленген беделді ақын.
Репертуарында қазақтың үш жүзден астам халық әндері, Бұхар, Базар, Қашаған жыраулардың терме жырлары, Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев сынды халық композиторларының әндері де бар. Қазақ радиосының алтын қорында Х.Бердіғалиевтің өнері туралы хабар және «Ел продюссерлік орталығында» жазылған 83 әні сақталған.
- Құрметті маңғыстаулықтар! Барша қазақ өнерін құрметтейтін жандарды ертеңгі концертімізде күтеміз. Кеште құлақ құрышын қандырар халық әндері орындалып, көрерменнің көңілін көтеретініне сенімдімін, келіңіздер,-деді Хатимолла Бердіғалиев.
Әрі қарай турне Атырау облысында жалғасып, қазан айында Батыс Қазақстан облысының аудандарында болмақ.