Бүгін Нұртілеу Иманғалиұлының 200-ге жуық жәдігері облыстық музейге қойылды. Енді маңғыстаулық тұрғындар бір ай ішінде тележурналистің эфирде қолданған заттарын қарап, еңбегімен таныса алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мамырда елордадан басталған «Бай-қуатты болайық!» көрмесі Алматы, Шымкент, Атырауды аралап, Маңғыстауға жетті. Көрме саналы ғұмырын қазақ телевизиясына арнаған Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығы орай ашылды.
Жылжымалы көрменің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев және өңірдің зиялы қауымы қатысты. Сонымен қатар журналистің жұбайы Қарлығаш Советбекқызы келіп, көрменің негізгі мақсатын жұртшылыққа таныстырды.
«Мерейтойын халықтың ортасына шағын көрмесін бірге алып, өткізуді жоспарлаған еді. Нұртілеу көзден таса болса да, көңілден кетпесін деген ниетпен ел ішін аралап жүрміз. Көрмеде өмірде өзі пайдаланған заттары, эфирде қолданған қамшысы, асығы, таңдаулы киімдері, марапаттары, қолсағаты, жұмыс үстелі қойылды. Өзі қайда барса да фотоаппаратын қолынан тастамайтын еді. Суретке түскенді де, түсіргенді де ұнататын. Осы ретте фотоаппараттары мен камерасы көрмеге қойылды. Сонымен қатар Маңғыстаудан киген шапаны көрме төрінде тұр», - дейді журналистің жары Қарлығаш Советбекқызы.
Оның айтуынша, маңғыстаулықтар кигізген шапан журналист үшін баға жетпес сыйлықтың бірі болған. Мереке мен айтулы күндерде шапансыз сыртқа шықпайтын. Сондай-ақ ол қазақ телевизиясына ұлттық киімді насихаттаған әрі трендке айналдырған журналист ретінде есте қалғанын жеткізді.
Айта кетейік, көрме облыстық музейде 1 ай тұрады. Содан кейін Семей, Жетісу, Қызылорда және тағы басқа аймаққа жол тартады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант Құсайын