«Жүректен атқан жыр бұлақ» атты республикалық ақындар айтысында жаңаөзендік Арғынбек Қалбаев бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңаөзенде өткен айтыс аламанына 14 ақын қатысты. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен сөз додасына «ӨзенМұнайГаз» АҚ демеушілік жасады. Айтыс кезінде қала әкімі Айбек Қосуақов сөз алып, алыстан келген ақындарға ел атынан алғыс білдірді.
- Біздің шашбауымызды көтеріп, жыр додасына қатысу үшін Жаңаөзен қаласына арнайы келген өнерпаз қонақтарымызға тұрғындар атынан зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер өздеріңіздің табиғи таланттарыңыздың арқасында ұлттық өнерімізді дәріптей отырып, еліміздегі айтыс өнерінің дамуына, халықтың мәдениетін арттыруға, өскелең ұрпақты ата салт-дәстүрге тәрбиелеуге өзіндік зор үлестеріңізді қосып келесіздер. Тәннің ақыны дәрігер болса, жанның дәрігері ақын. Сіздер бар жерде ел тынысы жаңаша, мақсаты айқын, болашағы жарқын болмақ. Ендеше, құт қонған, бақ дарыған, ынтымақ ұйыған, береке орнаған, киелі мекеннің аламан додасына қатысқан ақындарға сәттілік тілеймін!,- деді Айбек Қосуақов.
Республикалық айтысты ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Мэлс Қосымбаев жүргізді. Айтыстың алғашқы жұбында түркістандық Біржан Байтуов пен ұлытаулық Төлеген Жаманов сөз бастады. Одан кейін атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Ержан Әміров айтысты әрі қарай жалғастырса, жаңаөзендік Арғынбек Қалбаев пен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жұбы айтыстың көрігін қыздырды. Астаналық Рауан Қайдаров пен маңғыстаулық Азамат Орынбасаров жұбы да сүбелі сөзбен көрерменнің көңілінен шықты.
Келесі кезеңдерде маңғыстаулық Абай Жолмағанбетов пен алматылық Шұғайып Сезімхан айтысты. Бұдан кейін оралдық Жансая Мусина мен жетісулық Қанат Мырзахан сөз қағыстырды. Айтыстың соңғы жұбында шыққан торғайлық Айбек Қалиев пен Жәнібек Бейбітовтің де айтысы да көрермен қошеметіне ие болды.
Республикалық айтыста бас жүлдені жаңаөзендік Арғынбек Қалбаев, 1-орынды Жансая Мусина мен Төлеген Жаманов, 2-орынды Абай Жолмағанбетов, Шұғайып Сезімхан, Мейірбек Сұлтанбек иеленсе, 3-орын Біржан Байтуов, Шалқарбай Ізбасаров, Қанат Мырзаханға бұйырды. Ал құны 500 мың теңгелік арнайы жүлдені Айбек Қалиев, ынталандыру сыйлығы Ержан Әміров, Азамат Орынбасаров, Жәнібек Бейбітов, Рауан Қайдаровқа табысталды.