Ақтауда алғаш рет Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» балеті қойылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера жəне балет театрының директоры Нұрбақыт Бөкебаевтың айтуынша, балет қойылымын ұйымдастырудағы басты мақсат - халықаралық мәдени мұраны насихаттап, ұлттық мәдениетімізді өркендету.
- Біз Маңғыстау өңіріне гастрольдік сапармен 10 жылдан кейін қайта оралдық. Жаңа жылға орай, «Щелкунчик» балетін алып келдік. Осы орайда, Ақтау қаласының ересектері мен балалары Василий Вайноненнің ержүрек қуыршақ пен зұлым тышқан королі туралы ғажайып ертегісін «Қазақ ұлттық опера жəне балет театрының» жарқын бағдарламасында тамашалай алады, - деді Нұрбақыт Бөкебаев.
«Щелкунчик» балеті алғаш рет 1892 жылы Петербургтегі Мариин театрында қойылған. Бүгінде бұл қойылым әр музыкалық театрда өз орнын тапты. Ал, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында 8 жылдан бері қойылып келеді. Тәжірибесі мол әртістер бұл қойылымды алғаш рет Маңғыстау өңірі тұрғындарына тарту етеді.
Қойылымның басты рөлін Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші балет солистері Азамат Асқаров пен Жанель Түкеева сомдайды. Брифинг барысында Жанель Түкеева бұл өнерге келу жолын айтып өтті.
- Менің анам мен әкем өнер адамдары. Би өнері ана сүтінен дарыған талант десем де болады. Балетке қызығушылығым 9 жасымнан басталды. Әлі күнге дейін сахнада өнер көрсетіп жүрмін. Бүгінгі болатын қойылымнан көрермендер ерекше сезім алады деген ойдамын, - деді Жанель Түкеева.
Ал Азамат Асқаровтың айтуынша, «Щелкунчик» ертегісі шындығында да, жаңа жылдың символы.
- Бұл ертегі махаббат пен қайсарлықты дәріптейді. Клара бойындағы сол қасиеттердің арқасында өз сүйікті ойыншығын, сүйкімсіз тышқаннан құтқарып алды. Соңында «Щелкунчик» әдемі принцке айналады. Өте әсерлі ертегі, - дейді Азамат Асқаров.
Айта кетейік, қойылым екі күнге созылады. Билет бойынша сұрақтарды +77292305679, +77292305667 нөмірлерінен білуге болады.