Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов шаһар тұрғындарымен кездесті. Халық пен билік арасындағы 100% ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әкім кездесуді сұрақ-жауап форматында өткізуді ұсынып, әрі қарай тұрғындардың келісімімен сұрақтарға кезек берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығы қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен Е. Ізбергенов бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі - ыстық су жайлы айтып өтті.
-Өздеріңізге мәлім, МАЭК-тегі қондырғылар ескірген. Қазіргі кезде су қоймаларына су жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір қалада ыстық су шектелді, соның нәтижесінде резервуарларға су жиналып жатыр. Судың қажетті көлемі жиналғаннан кейін қондырғыны жөндеу жұмысын бастаймыз. Қала тұрғындарын ең қысқа уақытта ыстық сумен қамту үшін барлық қажетті жұмыстар жасалып жатыр, - деді әкім өз сөзінде.
Сонымен қатар кездесуде тұрғындар тарапынан әлеуметтік, тұрғын үй, жол, су және қоғамдық көлік мәселелері көтерілді.
Кездесуге 200-ден астам тұрғын келді. Оның ішінде жеке мәселемен келген 43 тұрғынға әкім бөлек уақыт арнап, қабылдады. Сонымен қатар 100-ге жуық тұрғын кездесуге онлайн режимде қатысты.