29 наурызда Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, Қарақия аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Бегниязов, Жетібай ауылының ардагері Бекмұрат Шуешев, Мұнайшы кенті ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақтығали Жаңабаев «Маңғыстау Мұнай Газ» АҚ мұнай кәсіпшілігіне баратын жолды жауып тастаған Жетібай ауылының тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиналғандармен әңгіме барысында Серікбай Төлетов мұндай мәселелерді тек қолданыстағы заңнама аясында шешу қажеттігін айтты.
– Облыс тұрғындары арасында бос жұмыс орындарын бөлуде адалдық пен ашықтық қағидатын сақтау маңызды. Бос жұмыс орындарының басым бөлігін бір ауылға беріп, басқа ауылдардың тұрғындарына зиянын тигізу туралы талап қою - дұрыс емес, әділетсіздік. Осы қасиетті Рамазан айында ақсақалдар атынан бүгінгі мәселені талқылап, бейбіт шешімге келулеріңізді сұраймын, - деді Серікбай Төлетов.
Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы ақсақалдар кеңесіне басқа ауыл тұрғындары да өтініш білдіріп, бос орындарды әділ бөлуді сұрайтынын айтты.
Серікбай Төлетов мемлекет ұсынып отырған жұмыспен қамтудың барлық мүмкіндігін пайдалану қажеттігін тілге тиек етіп, мұнай-газ саласында барлығын жұмыспен қамту мүмкін еместігін жеткізді.