Ақтауда 14-шағын аудандағы теңіз жағалауында сәуір айында шахмат ойындарының жаңа маусымы ашылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Интеллектуалды спорт түріне тұрғындардың қызығушылығы күн санап артып келеді. Осыдан екі жыл бұрын теңіз жағалауында шахмат бөшкелері, ал былтыр шахмат ойынына арналған үстелдер орнатылған еді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл сәуір айынан бастап, жағалауда ойыншылар көтеріп жүріп ойнайтын шахмат фигуралары мен тақтасын орнату көзделген. Жалпы жағалауда жасақталған шахматпен бір мезетте 60-қа жуық адам ойнай алады.
-Шахмат ойыны адамның сыни ойлау, шұғыл шешім қабылдау қабілетін шыңдап, ойын дамытады. Сондықтан, теңіздің саф ауасын сіміріп, сейіл құрған жандар бос уақытын тиімді пайдаланса екен деген ниетпен жыл сайын шахмат үстелдерін орнатуды жөн санадық. Айта кететіні, бұның барлығы тегін. Басты мақсат - спортты серік етуге үндеу. Ал шахмат мүсіндері шаһар шырайын кіргізері анық. Барлығы тұрғындар игілігі үшін! Жобаны Роман Оразымбетовпен бірге жүзеге асырып жатырмыз, - дейді ұйымдастырушы «Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымов.