Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
6 сәуірде облыс басшысы Нұрлан Ноғаев еңбек ұжымына құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Жаңа қызметке бұған дейін Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Айнұр Манкешова тағайындалды.
Айнұр Манкешова Ш.Есенов атындағы университетті «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1998 жылы «Қаламқасстройсервис» ҚК құрылыс жұмыстарының бригадирі болып бастады. 2018 жылға дейін құрылыс саласында, жеке секторда жұмыс істеді, инженер-құрылысшы, өндірістік-техникалық бөлім бастығы, бас сарапшы, бас директордың орынбасары, филиал директоры қызметтерін атқарды.
2018 жылы Бейнеу ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы, 2019 жылы Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.
2019 жылдың қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары болды.
Нұрлан Ноғаев жаңа басшыға сәттілік тілеп, Маңғыстау облысындағы құрылыс саласын дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмаларды жүктеді.