Қазақстанның бірқатар өңірінде жастарға шағын несие беру бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау басталды, - хабарлайды mangystaumedia.kz Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аграрлық несие корпорациясы Қазақстанның бірқатар өңірінде жастарға шағын несие беру бағдарламасы бойынша өтініш қабылдаудың басталғанын хабарлайды. Биыл барлығы 5 796 шағын несие беру жоспарланған.
Жастарды несиелеу бағдарламасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырады. Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.
Жас кәсіпкерлер мал шаруашылығы жобалары үшін өтеу мерзімі – 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін - 5 жылға дейін, жылдық 2,5% номиналды сыйақы мөлшерлемесімен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.
Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттарды "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет. Филиалдардың мекенжайы agrocredit.kz сайтында көрсетілген.
Шағын несие:
- тұрғын жылжымайтын мүлікті (оның ішінде малшылар үшін уақытша/тұрақты тұрғын үйлерді) сатып алу, салу немесе жөндеу, жер учаскелерін сатып алу (кез келген нысаналы мақсатпен);
- бағалы қағаздарды сатып алу (портфельдік инвестициялар);
- қаруды (оның ішінде қару өндіруге арналған құрамдас бөліктерді), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алу;
- ойын бизнесін ұйымдастыру және (немесе) дамыту;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған террористік және кез келген өзге де қызметке байланысты қызмет;
- моторлы көлік құралдарын шығаруды және өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіруді қоспағанда, акцизделетін тауарларды/өнімдерді шығару;
- темекі және\немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобалар;
- кредиторлық берешекті өтеу;
- бизнесті жүргізуге байланысты емес жеке тұтынушылық
мақсаттардан басқа кез келген мақсатқа беріледі.