Ташкентте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
63,5 келіде ел намысын қорғаған Санатәлі кешкі сессияда алғашқы болып шаршы алаңға шықты. 1/32 финалда израильдік Ахмад Штивимен жұдырықттасу кезінде жерлесіміз айқын басымдық танытты. Үш раунд бойы Төлтаев қарсыласын соққының астына алып, осылайша 1/16 финалға жолдама алды.
«Бүгін бірінші кездесуді жеңіспен бастадым. Алдағы сындарда да осы нәтижені қайталаймын деген үміттемін. Израильдік қарсыласым өте қарымды боксшы. Алдын ала бапкерлеріммен бірге тактикалық жоспар құрдық. Алайда екінші раундта Ахмад Штиви басқаша тактикамен шықты. Соған қарамастан үшінші раундта айқын басымдық танытып, жеңіске жеттік», - деді жерлесіміз жекпе-жектен соң.
С.Төлтаев 1999 жылы дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері былтыр Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын.