Ақтау қаласындағы ІТ мектеп-лицейінде ұлттық нақышта «ІТ аруы-2023» байқауы өтті. Байқауға білім ошағының 9-10 сыныптарында оқитын 9 ару қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аруларды жан-жақты сынаған байқаудың талаптары да жоғары. Байқау 5 кезеңнен тұрды: таныстыру, сұрақ-жауап, сән үлгісі, қолөнер және өнер сайысы.
Қазақша, ағылшынша, орысша мүдірмеген қыздар салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты сұрақтарда да белсенді болды. Сән үлгісінде тек қана қазақтың ұлттық киімдерін дәріптеген арулар киімнің киілу тәртібі мен орыны туралы да түсіндірді. Бүрмелі көйлек, камзол, кәжекей мен бешпент, үкілі тақиямен шыққан қатысушалар көз қуантты. Күмістен жасалған шашбау, өңіржиек, сырға, білезіктің тартымдылығы өз алдына. Қолөнер сайысында да өз қолдарынан шыққан ұлттық бұйымдар мен тағамдарды таныстырды. Оюлы көрпе, сөмке, бас киім мен үйге тұтынатын бұйымдар көздің жауын алады. Домбырамен, эстрадамен ән шырқау, Мұқағалидің 50 шақты өлеңінің тізімін қазыларға ұсынып, кез-келген жерін жатқа оқу, спорттық әдістерді көрсету, сахналанған қойылым қою сынды бойдағы өнерлерін көрсетуде де арулар дараланды.
«Мен бас жанкүйер болып, немеремді қолдауға келіп отырмын. Сайыс соңында шашуымды шашып, әжелік жолыммен құрмет көрсетуге дайын отырмын. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қыздар талантты екен»,- дейді Шараухан Ізбасарова.
Қазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлдені 10-сынып оқушысы Фариза Өтесбай жеңіп алды. І орын Гауһар Оқуға бұйырды. ІІ орынды Ақтілек Шәкір, ІІІ орынды Ардақ Бекқажы иеленді.
Келер жылы бас жүлде алған Фариза Анвар-Садатқызы қазылар құрамында отырып, аруларға баға беріп, келесі жеңімпазға тәжін тарту етеді.