Ақтаудағы «Балдәурен» демалыс базасында 9-11 сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олимпиадаға облыстан 9 пәннен 30 оқушы қатысуда. Олимпиада классикалық олимпиадалық тапсырмалар түрінде екі турда қашықтан өткізіледі.
Олимпиаданың мақсаты – оқушының жеке тұлға ретінде өзін-өзі қалыптастыруда шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білім мен практикалық дағдыларын тереңдетуін жүзеге асыруына ықпал ету. Дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды халықаралық олимпиадаларға қатысуға іріктеу және дайындау. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің беделін арттыру.
Олимпиаданың қашықтығын және академиялық адалдықты сақтау мақсатында YouTube арнасында тікелей эфир жүргізіледі https://daryn.kz/respa-kz/. Сондай-ақ, олимпиаданың өту барысы және өтуін қадағалау мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Байменовамен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дарынды оқушылардың жобалық қызметі мен шығармашылық дамуы бөлімінің басшысы Зәуре Аманова және Маңғыстау облысы бойынша Білім саласындағы сапаны бақылау департаменті басшысының орынбасары Тәттімбет Жумалиев қадағалауда.
Олимпиаданың қорытындысы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының сайтында жарияланады. Олимпиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
17 сәуір басталған республикалық олимпиада 21 сәуірге дейін жалғасады.