9 мамыр Жеңіс күні мерекесінің құрметіне ардагерлер мен облыс тұрғындары Мәңгілік алау монументіне гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталғаннан соң монумент жанындағы сахнада мерекелік концерт өтті. Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналған қонақтарды мерекемен құттықтады.
- Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, құрметті маңғыстаулықтар! Сіздерді 9 мамыр-Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан бері 78 жыл өтті. 9 мамыр ерлікпен қаза тапқан ата-бабаларымызды еске алатын және мәңгілік мақтан тұтатын қасиетті күн болып қала береді. Бұл өткенді еске алу мен болашаққа деген үміттің, қуаныш пен қайғының күні. Жеңіс күнін өз көзімен көре алмай кеткендер үшін есте сақтауымыз керек күн.
Бұл күні біз Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, барлық тыл еңбеккерлеріне, сарбаздардың жесірлеріне құрмет көрсетеміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «9 мамыр - фашизмді жеңген батырларды мәңгілік еске алу және оларға Алғыс айту күні, жеңіс - орасан күш пен көптеген құрбандардың арқасында келді». Ұлы Отан соғысында халқымыздың фашистерді жеңуге қосқан үлесін тарихи жадымызда сақтау-біздің адамгершілік парызымызбен қасиетті міндетіміз.
Өкінішке орай, жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлері азайып барады. Биыл Жеңістің 78 жылдығын Маңғыстау облысында тұратын үш ардагер мен 510 тыл еңбеккері қарсы алды. Жеңіс күні біз-қазір өмір сүріп жатқан майдангерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне алғыс айтуымыз керек. Олардың барлығы жеңіске орасан зор үлес қосты, олар мәңгілік есте қалуға және ұрпақтары тануға лайық тұлғалар. Біз оларды есімізде сақтаймыз және мақтан тұтамыз. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз үшін күрескендеріңізге мың тағзым! Мереке құтты болсын, құрметті ардагерлер! Сіздерге зор денсаулық және қамқорлық пен жылулыққа толы ұзақ өмір тілеймін! - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Жеңіс мейрамы қарсаңында қала тұрғындары және оркестрмен бірге Ақтауда тұратын ардагерлер Асан Аймағамбетовті, Ольга Зарявнякты, Василий Салазкинді құттықтап, көрсеткен ерліктері үшін алғыс айтты.