Ұлттық ұланның Ақтаудағы 6656 әскери бөлімінде психолог мамандарға арналған үш күндік оқыту семинары басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Оқытуға Батыс Өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің психологтары жиналды.
Аталған оқу-әдістемелік семинарды ұйымдастырудағы мақсат - әскери психологтарға әскери бөлімдердің жеке құрамымен жұмыс істеу тәртібін түсіндіру, психологтардың біліктілігін арттыру. Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаменті, ҚАЖД сынды мекемелермен өзара іс-қимыл жасауды және тәжірибе алмасуды үйрету.
- Біз бүгін үшкүндік семинардың алғашқы күнінің лекцияларын тыңдадық. Көп тәжірибеден өтіп, шыңдалған мамандар түсіндіруде. Мұнда алған білімнің бізге көмегі мол болмақ. Топпен және жекелей жұмыс жасау айтылып, қосымша материалдар түсіндірілді. Әсіресе, тәуекелді топтармен жұмыс жасау, жаңадан келген әр сарбазбен жеке сөйлесу арқылы кез келген жағдайдың алдын алу, келісім шарт бойынша жұмыс жасайтын офицерлік құраммен бөлек жұмыс жасау - осының бәрі қамтылды, - дейді Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінің капитаны, психолог Айнұр Халилова.
Семинардың екінші күні мамандар жұмыс тәжірибесімен алмасу мақсатында «Your Growth» жеке психологиялық орталығына бармақ. Ал үшінші күні осы әскери бөлімде психологиялық практикалық жаттығулар жүргізілмек.