Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау ауылы, Айрақты тұрғын-үй массивінің тұрғындары аббаттандыру жұмыстарына атсалысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауыл тазалығы – баршамызға ортақ» деген ұранды ұстанған 30 шақты тұрғын ұйымшылдық танытып, ауыл көшелеріне тал отырғызған.
“Ауыл тұрғындарымен бірлесіп сенбілік өткіздік. Ата-бабамыз «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаса керек. Өйткені бабаның тал қондырғаны, өзіне ат қалдырғаны. Өз есебімізден сатып алдық. Десек те әр түп талдың тамыр жайып, бой көтеріп кетуі үшін атқарылатын жұмыстары көп екені белгілі. Бүгінгі егілген тал, шыбықтар ертеңгі күні ауданымыздың келбетіне сән беріп тұратын саялы ағашқа айналып кетуі ел болып жасаған жұмысымыздың жемісі болмақ. Бұдан бөлек, тазалыққа үлес қосу мақсатында қоқыстарды да жинадық. Эстафені басқа да ауылдарға жолдаймыз. Ауылымызды таза ұстайық”, - деді ауыл тұрғыны Нұрлан Тілеуов.
Қоршаған ортаны абаттандыруға жанашырлық танытып жиналғандарға ауыл әкімі Айдос Мейрамұлы ризашылығын білдірді.
Мұнайлы ауданында 15-наурыз мен 30 сәуір аралығы сенбілік науқаны деп жарияланған.