1 маусым - халықаралық баларды қорғау күнінен орай Ақтаудағы отбасылық үлгідегі балалар ауылында мерекелік шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, білім басқармасының өкілдері мен балалар ауылының тәрбиеленушілері және тәрбиешілері қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Мерекелік шарада балалар ауылының тәрбиеленушілері ән айтып, би биледі. Шараға қатысқан Ұлықбек Тналиев балаларды биылғы оқу жылында жеткен жетістіктерімен құттықтап, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сәлемін жеткізді.
-Халықаралық балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы аталып өтті. Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Олардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру - басты міндетіміз. Осы орайда, балалар ауылының тәрбиеленушілерін айтулы мерекемен құттықтаймын. Балаларға биыл еліміздің әр өңірінде орналасқан демалыс лагерлеріне жолдама берілетінін айтып өткен жөн, - деді Ұлықбек Тналиев.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыстық балалар ауылында ата-ана қамқорлығынсыз және жетім қалған 3 пен 18 жас аралығындағы 32 тәрбиеленуші бар. Отбасылық үлгідегі ауылдарда балалар кәмелеттік жасқа толғанша тәрбиеленеді. Одан соң әлеуметтік қолдау бағытында жоғары не орта арнаулы оқу орындарына орналастыру, жұмыспен қамту секілді іс-шаралармен қамтылады.