Өмірзақ ауылы және оған қарасты Приморский, Приозерный және Рауан тұрғын массивтерінде көше шамдарының жағдайына тексеру жүргізілді. Анықталғандай, аталған тұрғын массивтері толықтай жарықтандырылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біз үнемі көшелер жарығының жанып тұруын қадағалаймыз, себебі көшеде үлкен адамдар мен балалар көп жүреді. Олардың қауіпсіздігі үшін уақытында шамдарды ауыстырып тұруға тырысамыз», дейді Өмірзақ ауылы әкімінің аппарат ММ бас маманы Ғабиден Молдағали.
Жарықтардың жанып тұруын қадағалау айына 2 рет жүзеге асырылады. Одан бөлек тұрғындардан 10-нан астам өтінім түскен жағдайда ауылға АГП-техника барып, шамдар міндетті түрде ауыстырылады. Айта кетейік, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Өмірзақ ауылын жарықтандыруды “Ақтау Электр Желілері Басқармасы” МКК қолға алды, оған дейін “Ақтау Құрылыс Сервис” мекемесі жүргізген болатын.
“Алдыңғы аптада Рауан тұрғын массивінде қосымша 8 жарық бағанасын орнату жұмыстары аяқталды. Жалпы жарық бағанасын орнату арақашықтығының арнайы нормасы бар, ол көшенің ұзындығына байланысты. Мәселен, Рауан тұрғын массивінің көшелерінде 6-7 шамнан, ал Өмірзақ ауылының көшелерінде 10 шамға дейін орнатылған”, деді “АЭЖБ” МКК-нің көшені жарықтандыру бойынша учаске басшысы Нұржан Беганов.