Биыл Мұнайлы ауданында бес мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындарды жұмыспен қамту туралы жоспар тиісті деңгейде орындалуда. Аудандық Мансап орталығының басшысы Ақмарал Нұрбаеваеның айтуынша, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша биыл ауданда 704 жұмыс орны құрылуы тиіс болған. Ал Мансап орталығымен бірлесе отырып, 802 жаңа жұмыс орны ашылды.
11 ұлттық жоба аясында 535 адам жұмыспен қамтылған. Жұмыс берушілерден түскен бос жұмыс орындарына 1270 адамға сұраныс болып, оның 1076-сы аудан аумағына қарасты мекемелерге тұрақты жұмысқа жолданған.
Сонымен қатар жастар практикасына – 234, әлеуметтік жұмыс орындарына – 82, қоғамдық жұмысқа – 351 адам жолданған. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 31, «Күміс жас» жобасына – 101, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 3 адам қызметке орналасқан.
Аудан бойынша биыл 4799 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыспен қамту деңгейі 80%-ға жеткен.