Маңғыстау облысындағы Басқұдық ауылының тұрғындары үйінің ауласында 50-ге жуық ит бағатын көршілерін басқа жаққа көшіруді сұрайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өйткені иттердің барлығы қосылып үргенде ұйқыдан маза қашып, тыныштығымыз бұзылды дейді тұрғындар. Ол аздай, жағымсыз иіс бүкіл көшені алып кетті деп наразы. Соның кесірінен күн ысығанда есік-тереземізді ашпай, қамалып отыратынын айтады.
- Иісіне шыдау мүмкін емес, үргенде түнімен жата алмаймыз. Жаз келгенде иісі мүңкісе қалай болатынын ойлап көріңіздер. Екі рет полицейлер келді де, ештеңе істей алмай кетті. Мен кіре алмаймын деді. Иесі 30 иттің құжатын алып шықты да, барлығы заңды деді. Заңды болса да, адам тұрмайтын жерде бағу керек қой осынша итті. Мынау жан-жағыңда көршілер отырғанда ит бағуға болмайды ғой, - дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Амал Ақжігітов.
Тұрғындар осы уақытқа дейін әкімдік пен санитарлық эпидемиологиялық стансаның табалдырығын тоздырғанын, бірақ одан нәтиже шықпағанын айтып отыр. Құзырлы органның да құзыры жетпеген көршіміз, біздің жанайқайымызды тіпті тыңдағысы жоқ дейді олар. Ал иттердің иесі болса ауласында 22 төбетті ғана бағып отырғанын айтады. Сондай-ақ барлығының құжаты түгел болғандықтан ешқандай шектеу жоқ деген уәж айтады.
- Бұған адамдардың өздері кінәлі. Олар итті бағуға алады да зарарсыздандырмайды. Сосын босатып жібереді. Қайта біз сондай қаңғыған иттерді құтқарып, зарарсыздандырамыз. Емдетіп, құжаттарын жасаймыз. Менің иттерім ауладан шықпайды. Ауламда қанша ит бақсам да өзім білемін, - дейді төбеттердің иесі Татьяна Ткач.
Үй жануарларын ұстау мен серуендетудің Маңғыстау облысы бойынша ережесіне сәйкес жеке үй ауласында қанша ит бағуға болатыны көрсетілмеген. Сәйкесінше, былтыр ғана қабылданған "Жануарларды қорғау" туралы заңда да ол жазылмаған дейді заңгерлер. Ал Басқұдық ауылының тұрғындары болса осындай «шикі заңның кесірінен қаншама халық жапа шегіп отыр» деп ашулы. Енді олар бұл заңды өзгерту үшін құзырлы органдарға арыз жазбақ.
Махаббат Нұржанқызы